Павлодарда қандастар квотасына қатысты бас тарту заңсыз деп танылды
Сот мемлекеттік органның өтінішті қарау кезінде міндетті рәсімді сақтамағанын анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, азамат О. облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуден бас тарту туралы шешіміне шағымданған.
2026 жылғы ақпанда ол басқармаға өңірлік квотаға енгізу туралы өтініш берген. Мемлекеттік орган ұсынылған құжаттардың дәйексіздігіне сілтеме жасап, қызмет көрсетуден бас тартқан. Өтініш беруші бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді.
Істі қарау кезінде басқарманың әкімшілік рәсімді жүргізу талаптарын бұзғаны анықталды. Құжаттарға қатысты дәлелді ескертулер болған жағдайда өтініш берушіге бас тарту туралы алдын ала шешім хабарланып, өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік берілуге тиіс.
– Басқарма тыңдау рәсімін өткізбеген. Соның салдарынан талап қоюшы өз ұстанымын білдіру және тиісті түсініктемелер беру мүмкіндігінен айырылған, – деп хабарлады сотта.
Сот тыңдауды өткізбеуге заңда көзделген негіздер болмағанын анықтады. Рәсімнің сақталмауы басқарманың шешім қабылдау үшін маңызды мән-жайларды жан-жақты әрі объективті зерттеуіне де кедергі келтірген.
Тағы бір мәселе бас тарту туралы шешімнің мазмұнына қатысты болды. Заң бойынша әкімшілік акт заңды, негізделген және түсінікті болуы керек. Алайда басқарма өтініш иесіне нақты қандай құжаттарға күмән келтіргенін түсіндірмеген.
– Дауланып отырған шешімде көрсетілетін қызметті берушіде нақты қандай құжаттар күмән туғызғаны және ұсынылған құжаттардың, деректердің немесе мәліметтердің дәйексіздігі неден көрінетіні көрсетілмеген, – деп түсіндірді сотта.
Нәтижесінде сот О.-ның әкімшілік талап қоюын қанағаттандырып, басқарманың шешімін жойды. Мемлекеттік орган өтінішті әкімшілік рәсімдер туралы заңнама талаптарын сақтай отырып қайта қарауға міндеттелді.
Басқармаға бұл үшін сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай уақыт берілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.