Ертісте суға кетудің басты себебін атады

Ертісте суға кетудің басты себебін атады
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысында жыл басынан бері суға кеткен алты адамның екеуі – бала, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында судағы қайғылы оқиғалардың саны азаймай отыр. Жыл басынан бері өңірде алты адам суға кетіп қаза тапқан, олардың екеуі – балалар. Бұл туралы Павлодар облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Тілекжан Ғалямов ақпарат жеткізді.

Облыстық ТЖД мәліметінше, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға арналмаған орындарда болған. Тек бір жағдай ғана ресми жағажай – «Ривьерада» тіркелген. Онда алкогольдік масаң күйдегі ер адам белгіленген қалқымалы белгілерден асып жүзіп, суға батып кеткен. Қазіргі уақытта жағажайдың қауіпсіздік талаптарын сақтауына қатысты тексеру жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, ресми жағажайларда су түбі алдын ала тексеріліп, қауіпті заттардан тазартылады. Сонымен қатар бақылау мұнарасы, құтқарушылар, медициналық бекет, балаларға арналған арнайы шомылу аймағы және қажетті құтқару құралдары болуы міндетті.

ТЖД өкілдері тұрғындарды тек ресми жағажайларда демалуға шақырды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың су айдындарында міндетті түрде ересектердің қарауында болуы тиіс екенін еске салды. Осы талапты бұзғаны үшін Ақсу қаласында алты ата-ана Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған.

Құтқарушылардың мәліметінше, суға кеткен ересектердің шамамен 90 пайызы оқиға кезінде алкогольдік масаң күйде болған. Осыған байланысты тұрғындарға алкоголь ішкеннен кейін суға түспеу және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау ұсынылды.