Аққулының қарбыздары қашан сатылымға шығады?
@Pavlodarnews.kz тілшісі Аққулы ауданындағы «Хан» шаруа қожалығының басшысы Медет Абылқайыровтан биыл өнім қалай болатыны жайлы сұрастырып көрді.
– Осы маусымда аптап ыстық жиі болды. Жалпы, қарбыздың пісуі үшін ауа райы ыстық болғаны жақсы, алайда қарбыздар мұндай температурада біршама уақыт тұратын болса, бұзылып кету қаупі бар. Жергілікті өнімді шілденің соңында сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Фермер бұл кәсіпті 2004 жылы бастаған. Дегенмен төрт жыл бұрын қарбыз шаруашылығын дамытуды қолға алып, тамшылатып суару әдісін қолданған. Нәтижесінде өнім көлемі артқан. Мәселен, бұған дейін 2,5 гектардан 30 тонна өнім алса, тамшылатып суару әдісімен 120-150 тонна ала бастаған.
– Аққулының қарбыздарына сұраныс жоғары. Әсіресе қалаға барған сайын сатушылар іші сары қарбыздарды сұрайды. Тіпті, көршілес мемлекеттерден де алып кететіндер бар, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер былтыр қарбыз саудасы төмен болғананын айтады. Оған аптап ыстық салдарынан өнімнің бұзылып кетуі және шекараның жабылып қалуы себеп болған.
Биыл кәсіпкер қарбыздың 10-15 түрін еккен. Оның басым бөлігі – Рубби, Шампань, Там-там, КС-500, Капитол, Арашан, Каристан. Фермердің тәжірибесіндегі ең үлкен қарбыздың салмағы 26 келіні құраған.
Айта кету керек, Аққулы ауданында қарбыздың 40 түрі өсіріледі. Ағымдағы жылы 1098 гектар қарбыз егілген.