Павлодарда пиротехника сатқан азамат айыппұл төлейді

Павлодарда пиротехника сатқан азамат айыппұл төлейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол рұқсат құжатынсыз отшашу сатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде «Пиротехника» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Полицейлер дүкендер, сауда үйлері мен пиротехникалық өнімдер сатылатын орындар бойынша рейдтер жүргізіп, рұқсат беру құжаттарды тексереді. 

– Мысалы, облыс орталығында Байжанов көшесінде рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық бұйымдарды сату фактісі анықталды. Сатушыдан 45 жағу заты бар төрт қорап тәркіленді. Тауарларды заңсыз сатқаны үшін азамат жауапқа тартылды. Оған 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді департаментте.

Полицейлер кәсіпкерлер мен сатушыларға пиротехникалық өнімдерді кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салынатынын және жарылыс қаупі бар бұйымдарды заңсыз сатқаны үшін жауапкершілік қарастырылатынын еске салады. 

Еске сала кетейік, әрбір пиротехникалық зат үшін пайдалану жөніндегі егжей-тегжейлі нұсқаулықтың болуы міндетті. Мерзімі өткен бұйымдарды пайдаланбау керек.

Тәртіп сақшылары жеке қауіпсіздік мақсатында азаматтарды пиротехникалық өнімдерді пайдалану ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Тұрғындар отшашуларды сатып алу кезінде сатушыдан өнімге сәйкестік сертификатын талап ету қажет.