Баянауылдық кәсіпкер алтынды рұқсатсыз өндірген

Құқық бұзушыға қатысты тиісті іс-шаралар қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, жер қойнауын пайдалану саласындағы прокуратура жүргізген тексеріс нәтижелері алқа отырысында қаралды. Өңірде жер қойнауын өндіру рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырылып жатқаны анықталды.
Мысалы, Баянауыл ауданында «IBM Gold» ЖШС осы жылдың басынан бері экологиялық рұқсатсыз алтын мен күміс өндірумен айналысқан. Жер қойнауын заңсыз пайдаланған тағы 11 кәсіпорын анықталды. Оның ішінде сегіз жағдайда пайдалы қазбаларды өндіру жұмыстары келісімшарттық аумақтардан тыс жерлерде жүргізілген. Сонымен қатар, келісімшарттардың мерзімін заңсыз ұзарту фактілері де белгілі болды.
Аталған бағыттағы мемлекеттік бақылаудағы бұзушылықтар мен олқылықтар облыс прокуратурасының алқа отырысында талқыланды.
Отырысқа жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ экологиялық және салықтық бақылау органдарының басшылары қатысты.
Алқа қорытындысы бойынша бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесу сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының алгоритмі әзірленді.
Барлық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар, оның ішінде іс жүргізу шаралары қабылданатын болады.