Павлодарда жаз мезгілінде экологияға қатысты шағымдар азая түседі
Ал қыс түскен кезде мұндай шағымдардың саны керісінше арта түседі, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков мәлім етті.
– Жылыту маусымы басталған кезде қаладағы жер үйлер отын мен көмір жағады. Салдарынан ауа ластанады. Бұл жағдай Қазгидрометтің датчиктерінде де байқалады. Көбінесе шағымдар күз және қыс мезгілдерінде артады. Түскен шағымдардың 70-80 пайызы түтіннің ауаны ластауына қатысты болады, – дейді Қанат Мұсапарбеков.
Экология департаменті басшысының айтуынша, облыс орталығында экологиялық жағдай бір қалыпты, яғни, орташа деңгейде. Қазгидрометтің сараптамасы да орташа деңгейді көрсетуде.
Айта кетейік, жақында «Қазақстандық электролиз зауытына» экологиялық тәртіпті бұзғаны үшін 300 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Оған дейін бұл зауыт 800 миллионға жуық айыппұл алған еді.