Ақтоғай ауданында екі жылдан кейін барлық кірме жолдар жөнделеді
Биыл Басқамыс ауылына кірме жолдың орташа жөндеуі аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов мәлім етті.
– Шолақсор ауылына 1,3 шақырым кірме жолға орташа жөндеу жүргізу үшін мердігерлік ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Биыл Барлыбай ауылына кірме жолды орташа жөндеу жоспарланған, – дейді аудан әкімі. – 2025 жылға қарай барлық кірме жолдарға тиісті жабын төселеді деген ойдамыз.
Оның айтуынша, Басқамыс-Қарақоға-Шұға автожолында 8400 шаршы метр алаңда қиыршықтас төселген. Биыл республикалық маңызы бар Ленин-Ертіс-Русская Поляна автожолында ұзындығы 12 шақырым учаскелерде орташа жөндеу жоспарланған.
Облыстық маңызы бар Ақтоғай-Шолақсор автожолында 10,8 шақырым бойынша орташа жөндеу аяқталды, тағы 24 шақырымға орташа жөндеу жүргізілуде. Бұл жоба екі жылдық: биыл 9 шақырым, келесі жылы 15 шақырымы жөнделеді.
– Әсіресе шалғай жерлерде тұратын ауыл тұрғындары үшін қиындық туындайды. Ақтоғай-Шолақсор жолының 164 км шақырымы – облыстық маңызы бар жолдардың бірі. Ең алыс жатқан Шолақсор жерін аудан орталығымен байланыстыратын жол, – дейді Қаршыға Арынов.
Сондай-ақ, Разумовка-Басқамыс автожолының 21,7 км шақырым жерінде орташа жөндеу жоспарлануда. Жұмыстар күзге дейін аяқталады.
– Разумовка-Басқамыс аудандық маңызы бар жол бойынша өте үлкен жұмыс көлемі жасалады. Бұл жол Ертіс, Ақтоғай ауданының тұрғындары үшін өте тиімді, – деді аудан әкімі. – Жөндеу жұмыстарынан кейін Разумовка-Басқамыс жолы арқылы Екібастұзға шығу мүмкін болады.
Келесі жылы аудан әкімдігі Естай, Жаңауыл ауылдарына кірме жолдарды жөндеуді жоспарлап жатыр.
Фото: Константин Шелков