«Eco Nomad»: Железин жастары табиғат аясында бас қосты
Туристік слет екі күнге жалғасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараны ауданның белсенді әрі шығармашыл жастарын біріктіретін және осындай бастамаларды тұрақты ұйымдастырып келе жатқан «Айбат» жастар бастамаларын дамыту орталығы өткізді.
Башмачное ауылының жағажайында болған биылғы слеттің басты тақырыбы – табиғатқа жанашырлықпен қарау. Қатысушыларға экологиялық жауапкершіліктің маңызы, қоршаған ортаны сақтау және жас кезден экологиялық мәдениетті қалыптастыру қажеттігі түсіндірілді.
— Слет бағдарламасын барынша мазмұнды етуге тырыстық. Жағалауға шатырлы лагерь құрып, спорттық жарыстар мен түрлі байқаулар ұйымдастырып, дала жағдайында ас әзірледік. Ал кешкі уақытта қатысушылар өзен жағасында алау басына жиналып, гитараның сүйемелдеуімен ән шырқады, – дейді ұйымдастырушылар.
Жастармен Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов арнайы кездесіп, туристік слетке қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, үздіктерді марапаттады.
Алайда табиғаттың тосын мінезі де іс-шараға әсер етті. Слеттің алғашқы күні қатысушыларды аптап ыстық қарсы алса, келесі күні ауа температурасы күрт төмендеді. Осыған байланысты ұйымдастырушылар жабылу салтанатының бағдарламасын қысқартуға мәжбүр болды.
Туристік слеттің қорытындысы бойынша бірінші орынды Алакөл ауылдық округінің командасы иеленді. Екінші орынға Новомир ауылдық округінің өкілдері жайғасса, үшінші орынды Башмачное ауылдық округінің туристері еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Железин ауданы әкімінің орынбасары Райхан Усина марапаттады.