Павлодар үйеңкілері жөке ағаштарына ауыстырылады
Ескі ағаштар эстетикалық келбетін жоғалтқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімдігі облыс орталығындағы ағаштарды ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Осыған байланысты алдағы 5-10 жылға дендрологиялық жоспар құрылды.
– Павлодарда ағаштардың басым бөлігі 60-70 жылдары отырғызылғандықтан, оларды жаңартуды қажет етеді. Эстетикалық келбетін жоғалтқан үйеңкілерді алмастыру шешімі қабылданды, – деді қала әкімі Әнуарбек Аманов.
Жұмыс үш кезеңде жүзеге асырылады. Алдымен ескі ағаштар жойылады, содан кейін жер қыртысын жаңартып, тыңайтқыштандырады. Кейін үлкен көлемді жөке ағаштары отырғызылады.
Жеке тұрған ағаштар мен бұталар да ауыстырылады. Ағаштардың көбі санитарлық кесуден өтеді.
Абаттандыру жұмыстары облыс орталығының басты көшелерінде, әсіресе жекелеген көше бөліктерінде жүргізілетін болады.
Ағымдағы жылы Астана көшесінің бойындағы Торайғыров көшесінен Едіге би көшесіне дейін және Естай көшесінен Исиналиев көшесіне дейін учаскеде жасыл аймақ жартылай жаңартылды.