Баянауылда қырылған құстардан патогенді тұмау анықталмады
Ветеринарлар Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлесіп, эпизоотиялық тексеру жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ветеринария басқармасының мәліметінше, ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтың қызметкерлері құстардың жоғары патогенді тұмауы мен Ньюкасл ауруын жоққа шығару үшін бес жабайы құстан патологиялық материалды іріктеуге алған.
– 2024 жылғы 23 тамыздағы сынақ хаттамасына сәйкес, жоғарыда аталған аурулар бойынша теріс нәтиже алынды. Ветеринариялық мамандар жақын маңдағы су қоймаларына мониторинг жүргізіп отырады және жабайы құстардың өлекселері тіркелмеді, – деп хабарлады басқармада.
Жоспарлы түрде Құркелі ауылдық округі тұрғындарының жеке шаруашылығындағы 1 395 бас үй құсына Ньюкасл ауруына қарсы вакцина салынған.
Сондай-ақ Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары жабайы құстардың өлімінің себептерін анықтау мақсатында одан әрі зерттеу үшін Қосшалқар көлінің аумағында топырақ, су және өсімдік жамылғысының сынамаларын алған.
Еске сала кетейік, биыл 6 тамызда Баянауыл ауданының Құркелі ауылдық округі, Қосшалқар көлінің аумағында суда жүзетін жабайы құстар қырылып қалған болатын. Өңірлік ветеринарлық басқарманың мамандары оқиға орнына жедел барып, көл маңайында өліп жатқан құстардың ұшаларын жинап, өртеген.