Екібастұзда Шахтер күні жұлдыздардың концертімен аталып өтті
Кәсіби мерекеде көмір саласының қызметкерлері марапатталып, кеш ауқымды отшашумен аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 29 тамыз күні «Өнер» қалалық мәдениет сарайының алаңында Шахтер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мереке көмір өнеркәсібінің қызметкерлерін, еңбек ұжымдары мен қала тұрғындарын бір алаңға жинады.
Салтанатты шараны Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин ашып, кеншілер мен көмір саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол кенші еңбегінің маңыздылығына, сала мамандарының кәсібилігіне және қалыптасқан еңбек дәстүрлерін сақтауға тоқталды.
Мерекенің негізгі бөлімдерінің бірі көмір өнеркәсібі қызметкерлерін марапаттауға арналды. Кәсіби шеберлігі, адал еңбегі және саланың дамуына қосқан үлесі үшін өңір кәсіпорындарының 14 қызметкері Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды.

Олардың арасында Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталған кеншілер де бар. Өңір басшысының атынан марапаттарды Аян Бейсекин табыстады. Сонымен қатар бірқатар сала қызметкеріне Екібастұз қаласы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары берілді.
Ресми бөлімнен кейін мерекелік концерт басталды. Алдымен сахнаға қаланың шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары шықты. Көрермендер алдында Бақытхан Алтынгүл, Азалия Қаратай, Ернар Жаксыгалиев, халықтық «Мұрагер» вокалды-аспаптық ансамблі, Лейла Сейсенбаева және Нұрым Әлжаппаров өнер көрсетті.
Концерттік бағдарламаны қазақстандық эстрада өкілдері жалғастырды. Екібастұз тұрғындары мен қала қонақтарына Досымжан Таңатаров, RAIM және LUCAVEROS өз әндерін ұсынды.

Мерекеге шетелдік орындаушылар да қатысты. «Өнер» мәдениет сарайының алаңында SEVAK, даниялық әнші Aura Dione және нидерландылық орындаушы EVA SIMONS өнер көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Шахтер күні Екібастұз үшін ерекше маңызға ие. Қаланың қалыптасуы мен дамуы көмір өнеркәсібімен және бірнеше буын кеншілерінің еңбегімен тығыз байланысты. Сондықтан мереке сала қызметкерлеріне ғана емес, олардың отбасылары мен ардагерлерге де арналды.
Кенші мамандығы жоғары жауапкершілікті, кәсіби шеберлік пен төзімділікті талап етеді. Екібастұзда саладағы еңбек дәстүрлері мен ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ерекше мән беріледі.
Шахтер күніне арналған ауқымды мерекелік бағдарлама отшашумен аяқталды.
Фотосуреттерді қала әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды