Павлодарлық «SAMIYAN» квинтеті Түркияда Гран-при иеленді
Қазақстандық өнерпаздар қазыларды таңғалдырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Global Art Competition» V халықаралық байқауы Түркияның Алания қаласында өтті. Иса Байзақов атындағы Ошоблыстық филармонияның «SAMIYAN» ерлер вокалдық квинтеті бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар Павлодар музыка колледжінің студенттері Дана Ибраева мен Айжанат Әбубәкір де бас жүлде иегері атанды.

«SAMIYAN» квинтеті 2016 жылы құрылған. Ұжым Павлодар өңіріндегі алғашқы кәсіби ерлер вокалдық ансамблі саналады. Квинтеттің көркемдік жетекшісі - Мәдина Нұрғожинова. Ұжым репертуарында a cappella форматындағы түрлі жанрдағы шығармалар бар.
Байқау бағдарламасында өнерпаздар Марат Құсайыновтың «Қуанышым менің», Төлеген Мұхамеджановтың «Іңкәрім-ай», J. Mescoli-дің «Amore scuzami» және «Абай тақырыбындағы вариациялар» шығармаларын орындады.

- «SAMIYAN» жоғары деңгейде өнер көрсетті. Әр елден келген қазылар алқасы мен қонақтар Иса Байзақов атындағы филармония ұжымының өнеріне тәнті болып, жоғары бағасын берді. Біздің шетелдік серіктестеріміз квинтеттің тарихы, репертуары мен әртістердің шығармашылығы туралы сұрай бастады, - деді қазылар алқасының мүшесі, Павлодар музыка колледжінің директоры Серік Сыздықов.
Байқауда Павлодар музыка колледжінің студенттері де табысты өнер көрсетті. Дана Ибраева «Скрипка» аталымында Гран-при жеңіп алды. Оның концертмейстері - Қарлығаш Исина. Ал Айжанат Әбубәкір «Халық аспаптары» бағытында үздік атанды. Ол - облыстық филармония әртісі Раушан Нағышпаеваның шәкірті.

Сондай-ақ павлодарлық жас музыканттар Анель Данияр, Аделина Абельдинова, Дамели Жүсіпова, Аянат Серікқызы, Жансая Нығмет және Нұралы Қасен бірінші орын иеленді. Ал «Capriccio» скрипкашылар ансамблі лауреат атанып, бірінші орынға ие болды.
Биылғы халықаралық байқауға Түркия, Қазақстан, Қытай, Өзбекстан және Грузиядан 100-ден астам қатысушы жиналды. Байқау 6-12 мамыр аралығында өтті. Ұйымдастырушылар қатарында Түркиядағы Чукурова университеті мен Павлодар облысының «Отанның әні» қоғамдық қоры бар.
Еске сала кетейік, бұған дейін павлодарлық «SAMIYAN» вокалдық тобы көрермендерге ерекше музыкалық кеш дайындап жатқанын хабарлаған едік. Биыл ұжымның құрылғанына 10 жыл толды.