Екібастұзда көлігін тротуарға қойған жүргізуші ұсталды
Ол жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Павлодар облысында жол ережесін бұзған 1478-ден астам тәртіп бұзушы анықталды.
– 36 жастағы жүргізуші өз көлігін тұраққа қойып, жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызып, тротуар арқылы өтуге кедергі келтірді. Осы бұзушылық бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы 2-бөлігі - тротуарда тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу бойынша әкімшілік материал толтырылды, – деді Екібастұз қаласы ПБ патрульдік полиция ротасының командирі Фаруз Күсембеков.
Тәртіп сақшылары жүргізушілер жол белгілеріне назар аудармай, көлікті қалаған жерінде қалдыратынын атап өтеді. Осыған байланысты жаяу жүргіншілерге ғана емес, сонымен қатар арнайы көліктің, мысалы, жедел жәрдем немесе өрт сөндіру көлігінің, арнайы көліктердің жүруіне де жасанды кедергілер жасалады.
Жол жүру ережелеріне сәйкес тротуарда көлік құралдарын тоқтатуға және тұрақтауға тыйым салынады (12.2-тармақ.). Алайда, жүру бөлігімен шектесетін тротуардың шетінде тұрақ пен тоқтауға жеңіл автомобильдерге, мотоциклдерге, мопедтерге және велосипедтерге «тұрақ (тұрақ орны)» белгісі немесе көлік құралының түрін және оны тұраққа қою тәсілін білдіретін тақтайшалар бар жерлерде ғана рұқсат етіледі. Қалған жағдайларда автомобильдерді тротуарларға қою ЖЖЕ бұзушылық болып табылады және ӘҚБтК КР 597-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.