Павлодар полицейлері екі миллион теңгенің заңсыз пиротехникасын тәркіледі

Павлодар полицейлері екі миллион теңгенің заңсыз пиротехникасын тәркіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа жыл қарсаңында өңір полицейлері базарлар мен сауда орындарын жіті тексеруге көшті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Пиротехника» жедел алдын алу шарасы аясында сертификатталмаған және рұқсат құжаттары жоқ өнімдерді сату деректерін анықтау бойынша ауқымды рейдтер жүргізіліп жатыр.

Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, заңсыз саудамен айналысатындардың саны әлі де азаймай тұр. Қазірдің өзінде бірнеше ірі дерек тіркелген.

– Рейдтік іс-шаралар барысында рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату бойынша бес дерек анықталды, оның үшеуі Екібастұз қаласында, екеуі Павлодар қаласында тіркелген. Тәркіленген тауардың жалпы құны шамамен екі миллион теңгені құрайды. Тауар иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды, ал пиротехникалық бұйымдар тиісті тексеру жүргізу үшін алынды, – деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұл жедел-профилактикалық іс-шара 2026 жылғы 3 қаңтарға дейін жалғасады. Полиция қызметкерлері сапасыз өнімдердің соңы өртке немесе денсаулыққа келетін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін еске салады. Құқық қорғау органдары азаматтарды пиротехниканы тек мамандандырылған дүкендерден сатып алуға шақырады.