Кондитер, робототехник: Павлодарлық студенттер өз сырларымен бөлісті

Кондитер, робототехник: Павлодарлық студенттер өз сырларымен бөлісті
Фото: Константин Шелков

Pavlodarnews.kz тілшісі Студенттер күніне орай өзгеше мамандық иелерімен тілдесіп, сұхбаттасып қайтты.

Олардың бірі – кондитер мамандығына оқып жатқан Мерей Төлеубай оқуға дейін мүлдем тағам әзірлей алмайтындығын атап өтті.

–  Шын мәнінде мен мүлдем тамақ істей алмайтынмын, мамандық таңдау барысында өзім білмейтін бір қабілетімді ашқым келді, сол себепті осы мамандықты таңдадым. Болашақта осы мамандық бойынша жұмыс істеп, өз кәсібімді ашып,  әрі қарай дамытсам деген мақсат бар, – дейді сервис және тамақтандыру колледжінің 2-курс студенті Мерей Төлеубай. 

Оның айтуынша, аспаз мамандығы – өзінің шексіздігімен ерекше. Мәселен, аспаздар тек күнделікті тамақ пісіріп қана қоймай, түрлі тағамдарды ойлап тауып, түрлі жаңашылдықтар енгізе алады. Бүгінге дейін аспаздар жерде қалған емес. 

Екінші спикеріміз жаңа технологияға жақын. Ол Торайғыров университетінде өнеркәсіптік робототехника және автоматтандыру мамандығында оқиды. Оның бойында бұл салаға қызығушылық бала кезден басталған. 

– Маған бала кезімнен әртүрлі техниканың ішін ашып, оның қалай құрылғанын қараған өте қызықты болатын. Сол үшін университетке түскен кезімде техникамен байланысты мамандықтарды таңдадым. Робототехникаға кіріспе пәнінде тәжірибе сабақтары жаңа біліктіліктерді үйретті. Кішкентай робот-танктарды құрдық және дәнекерлеуді, схеманы құруды үйрендік, – дейді Аяна Ирманова. 

Оның айтуынша, инженер-робототехник роботтық жүйелерді құру және басқару үшін механика, электроника, бағдарламалау, жасанды интеллект және автоматтандыру сияқты әртүрлі салалардағы білім мен әдістерді қолданады. Бұл мамандық өзінің әмбебаптылығымен өзгешеленбек. 

Айта кету керек, 17 қараша – Халықаралық студенттер күні. 1946 жылы 17 қарашада Прагада өткен чехиялық студент-патриоттардың құрметіне болған Бүкіләлемдік студенттер конгресінде Халықаралық студенттер күні белгіленді.