Павлодарлық тұтынушылар құқықтарын жеңілдетілген түрде қорғай алады

Павлодарлық тұтынушылар құқықтарын жеңілдетілген түрде қорғай алады
Фото: pexels.com

Заңдағы өзгертулер Мәжілісте қаралуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев мәлім етті. 

– Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы жүйесі адамдарды қанағаттандырмайды деуге болады, өйткені олардың мүдделерін қорғау үшін бюрократиялық кідірістерден өту керек,– деді Дәулен Қабдушев.

Оның сөзінше, ең алдымен тұтынушы өз мәселесін кәсіпкермен шешеді. Бір келісімге келмеген жағдайда медиаторға жүгіну керек. Одан кейін екі тарап мемлекеттік органның алдына барып, соңында сотта кездеседі. 

– Жаңа заң жобасындағы өзгертулерге сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың төрт сатылы жүйесінен екі сатылы жүйеге көшуді көздейді. Яғни, тұтынушы кәсіпкермен мәселені өзара шешпеген жағдайда тікелей сотқа, не мемелекеттік органға, не медиаторға жүгіне алады,– деді Дәулен Қабдушев.

Сондай-ақ, жаңа заңға сәйкес кәсіпкерлерге айыппұл салынуы мүмкін. 

– Бұл шара кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыруға көмектеседі деп сенеміз. Айыппұлды сот шығарады. Егер қанағаттандырылған талап қою сомасы 90 АЕК-тен асатын болса, онда оған 10 пайыз, ал 20 АЕК-ке дейін 50 пайыз айыппұл салынады, – деп түсіндірді Дәулен Қабдушев. 

Бұдан басқа, өңірлерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен лауазымын енгізу жоспарлануда. Бұл да саланың мәртебесін арттыруға септігін тигізеді.

Айта кетейік, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментте жедел желі телефоны жұмыс істейді: 55-10-70. Сондай-ақ, шағымдар Генерал Дюсенов көшесі, 9 мекенжайында, 304 кабинетте немесе e-otinish.kz платформа арқылы қабылданады.