Майқайың кенішінде іздеу шаралары уақытша тоқтатылды

Майқайың кенішінде іздеу шаралары уақытша тоқтатылды
Фото: Валерий Бугаев

Қазып жатқан орында терең шұңқыр пайда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, тереңдігі – шамамен үш метрдей.

– Шұңқырдың түбінде бос орындар бар. Экскаватор мен мамандар шұғыл түрде жер бетіне шығарылды. Опырылып кету қаупінің күшеюіне байланысты жұмыс уақытша тоқтатылды, – дейді департаментте. 

Қазіргі уақытта шұңқырды эндокамераның көмегімен тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін құтқарушылардың өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы хабарланған болатын. Апат болған жерде опырылған аймақтың периметрі бойынша жер жырығы  пайда болды. Магнитометрмен және геосканермен топырақты зерттеу кезінде «GRP Ridder grupp» ЖШС мамандары ізделетін объектінің орналасқан жерінде сәтсіздікке ұшырау ықтималдығы жоғары деген қорытынды берді.   

Облыстық ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев «Майқайың-алтын» АҚ аумағында топырақ құлауы салдарынан зардап шеккендердің туыстарымен кездесу өткізіп, жүргізілген жұмыстар жайлы айтып берді. 

Облыс әкімі Асайын Байханов тау-кен кенішінде қаза болған құтқарушылардың туыстарына көңіл айтып, қаржылай көмек берілетінін жеткізді.