Ертіс ауданының аграрлық әлеуетін өсіретін құрылғы пайда болады

Қазіргі таңда егіс алқаптарының 52 пайызы толық жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс ауданына жұмыс сапарымен барып, шаруа қожалықтарының басшыларынан егін жинау науқаны жайында сұрастырды. Биылғы жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласында бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. Жалпы өнім көлемі 325 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда тұрақты өсім байқалды.
– Алайда, дәнді дақылдар өнімі өткен жылға қарағанда сегіз мың тоннаға төмендеді. Бұл табиғи климаттық жағдайлар мен нарықтағы өзгерістерге байланысты болды. Соған қарамастан, аудан аграрийлері өнім сапасын арттыру және шығынды азайту мақсатында әртараптандыру әдісін кеңінен қолданды. Есесіне майлы дақылдардың көлемі айтарлықтай өсіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға артты. Қазіргі таңда майлы дақылдардың жалпы көлемі 78 мың гектарды құрап отыр, – деді Ертіс ауданының әкімі Нығман Жүсіпов.
Оның айтуынша, аудан бойынша жалпы егіс алқабы – 296 мың гектар. Бүгінгі күнге дейін оның 111 мың гектары жиналып, жалпы түсім көлемі 160 мың тоннаға жетті. Әр гектардан орташа өнімділік – 15,1 центнер.
– Жалпы алғанда, егіс алқаптарының 52 пайызы толық жиналды. Қазіргі таңда науқанға 180 комбайн жұмылдырылған. Жиналған астықты өңдеу және сақтау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Фермерлерді қолдау мақсатында биылғы жылы 55 ауыл шаруашылығы кооперативіне 6 миллиард теңге көлемінде несие берілді. Сонымен қатар, жанар-жағармай бойынша бөлінген көлемнің 80 пайызы жеткізіліп, қаржысы төленген, – деді Нығман Жүсіпов.
Ауыл шаруашылығын модернизациялау бағытында «Смағұл» шаруа қожалығы ерекше үлес қосып отыр. Ол астықты өңдеу және сақтау нысандарын салуды қолға алды.
– Жаңа өндірістік желінің қуаты сағатына 160 мың тонна, бұл өткен жылғы 100 мың тонна қуатты қондырғыдан әлдеқайда тиімді. Жаңа қондырғы арқылы күніне 1800 тоннаға дейін астық қабылдау мүмкіндігі бар. Бұрынғы объектінің қуаты небәрі 900 тонна болған. Қазіргі қоймалардың сыйымдылығы 600 тонна, ал бункерлердің көлемі 100-150 тоннаға дейін жетеді, – деді Ертіс ауданының ауыл шаруашылығы инженері Ерболат Смағұлов.
Оның сөзінше, қазіргі таңда екінші қондырғының құрылысы жүріп жатыр. 10-12 күн ішінде толық аяқталады деп күтілуде. Барлық қажетті материалдар, жұмысшылар саны жеткілікті. Жаңа трансформатор орнатылып, газ құбыры тартылуда. Бұл – Қазақстандық және Ресейлік жабдықтардың үйлесімі, атап айтқанда облыстық өндірушілердің конвейерлері қолданылады.
Жалпы аталмыш шаруа қожалығы биыл 8 мың гектар жерде күнбағыс және 4 мың гектар жерде бидай екті. Олар бидайдан орта есеппен 30 центнер өнім алуға дайындалуда. 10 күннен кейін тұқым жинауға кіріседі.