Павлодар облысынан жас сарбаздар десанттық-шабуылдау әскеріне аттанды
Жас сарбаздар Алматы қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. Павлодар облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылған Отан қорғаушылар Райымбек батыр атындағы 38-ші арнайы мақсаттағы десанттық-шабуылдау бригадасының құрамында қызмет ететін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
16 қазанда Павлодар облысынан шақырылған жастар Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет ету үшін Алматы қаласына аттанды. Оларды шығарып салу кезінде әскери қызметтің жауапкершілігі мен алдағы бір жылда игеретін дағдылары туралы айтылды.
Павлодар қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі жас сарбаздардың ата-аналарына арнап, ұлдарының әскери қызметтен шыңдалып оралатынына сенім білдірді.
– Құрметті ата-аналар, Павлодар облысынан шақырылған жас сарбаздар Алматы қаласындағы Райымбек батыр атындағы 38-ші арнайы мақсаттағы десанттық-шабуылдау бригадасында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып барады. Бір жылдық мерзімді әскери қызмет барысында балаларыңыз нағыз ер мінезді, күш-қайраты мен рухы мықты азамат болып қалыптасады. Олар әскери дайындықтан өтіп, парашютпен секіруді меңгеріп, бойындағы қорқынышты жеңуді үйренеді. Ұлдарыңыздың Отан алдындағы міндетін адал атқарып, аман-есен үйлеріне оралуына тілектеспіз, – деді департамент өкілі.
Әскерге аттанған жастардың бірі — павлодарлық Әлішер Жолов. Ол ата-анасын алаңдамауға шақырып, әскери қызметін абыроймен атқаруға ниетті екенін жеткізді.
– Әкешім, анашым, ешқашан уайымдамаңыздар. Бәрі жақсы болады. Ал әскери жолдастарыма бір жылдық қызметті жігермен, қайратпен өткеріп, елге аман-есен оралуды тілеймін, – деді Әлішер Жолов.
Отан қорғау — әр азамат үшін абыройлы міндет әрі үлкен жауапкершілік. Жас сарбаздарға әскери антқа адал болып, жүктелген міндеттерін абыроймен орындап, туған жерге аман-есен оралуына тілектеспіз.