Павлодар облысында мамандар жер-су аттарын тауып жарысты

Павлодар облысында мамандар жер-су аттарын тауып жарысты
Фото: автор

Байқауға 10-нан астам адам қатысты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлттық ономастика – ел айнасы» атты  облыстық байқау ұйымдастырылды. Шараға қалалар мен аудандардағы тілдерді дамыту бөлімдерінің ономастика саласымен айналысатын 13 маман қатысты. 

– Қатысушылардың барлығы – ономастика саласында жүрген мамандар. Қазылар алқасына да оңай болмайтынына сенімдімін. Себебі, үміткерлерің барлығы – білікті мамандар. Жалпы байқау үш кезеңнен тұрады, – дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасов.

Қатысушыларды бағалайтын қазылар алқасының қатарында жергілікті ЖОО-ның ғалым-профессорлары, облыстық ономастика комиссиясының мүшелері және БАҚ өкілдері болды. 

Бірінші кезеңде қатысушылар нормативті құқықтық актілер бойынша сынға түссе, екінші кезеңде жер-су аттарының есімдерін тауып жарысты. Ал үшінші кезеңде тарихи тұлғалар жайлы ақпараттармен бөлісті.  

–  Мұндай байқау облысымызда алғашқы рет ұйымдастырылуда. Мен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі бөлімінде ономастика саласына жауапты маманмын. 2014 жылдан бері елді мекен, көшелер, мекемелерге ат қою жұмысымен тікелей айналысып келеміз, – дейді қатысушы Мейрам Төлегенұлы. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – ономастика саласымен айналысатын мамандарды ынталандыру, атау беру және қайта атау жұмыстары кезінде қолданылатын  заңнамалық актілерді пысықтау, өңіріміздегі тарихи-танымал жерлер бойынша біліктілігін жетілдіру  және қолданыстағы «Тарихи тұлғалар» тізіміне енген жерлестеріміз туралы ақпараттық танымын арттыру.

Байқау нәтижесі бойынша бірінші жүлделі орынға Ертіс ауданы ішкі саясат жіне тілдерді дамыту бөлімінің маманы Толғанай Рахметова  ие болды. Екінші орын Екібастұз қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жұпар Мергембаева ға берілсе, үшінші орынды Павлодар қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман  жеңіп алды.

Айта кету керек, байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына алғыс хаттар мен дипломдар және ынталандыру сыйлықтары табысталды.