Павлодар облысында мыңнан астам мал иесі жауапқа тартылды
Жыл басынан бері мал жаю қағидаларын бұзғандар айыппұл арқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жуырда «Атамекен – Ертіс – Ресей Федерациясы» автожолында қараусыз жүрген бір үйір жылқы анықталған. Олар жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін еді.
– Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері жылқылардың иесін анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Мал арнайы айып тұрағына қамалды, – деді ведомствода.
Полиция жол бойында қараусыз жүрген үй жануарларын байқаса, тұрғындарды 102 арнасына хабарлауға шақырады. Анықталған мал иесі белгілі болғанға дейін уақытша ұстау орнына жеткізіледі.
Жыл басынан бері мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін 1074 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полиция төрт түлікті қараусыз жібермеуге және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға шақырады.