Ертіс ауданының төрт ауылына қуаңшылық қаупі төніп тұр

Ертіс ауданының төрт ауылына қуаңшылық қаупі төніп тұр

Жаңбырдың кеш жаууы салдарынан ауылдарда егін шықпай қалуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ертіс ауданының әкімі Болатбек Шәріпов мәлім етті. 

– Бүгінде егін егілді, бірақ биыл қуаңшылыққа байланысты судың жағасында орналасқан ауылдарда егін мәселесіне  қатысты жағдай қиын болуы мүмкін. Қызылжар, Қарақұдық, Иса Байзақов, Северный ауылдық округтерінде жауын кеш жауды, сондықтан олар құрғақшылыққа тап болды, – дейді Болатбек Шәріпов. – Болжам бойынша,  егістік көлемінің 10-15 мың гектары жарамсыз  болып қалуы мүмкін. 

Ертіс ауданы әкімінің сөзінше, Панфилов, Ұзынсу, Қосағаш, Ағашорын,  Қоскөл, Амангелді ауылдық округтерінде екі рет өткінші жаңбыр  жауып өткендіктен, жағдай бірқалыпты.  

– Далалық аумақтағы ауылдарда астық өнімділігі жақсы болады. Себебі, бұл елді мекендерде жаңбыр жауып, қуаңшылықтан аман қалды, – дейді Ертіс ауданының әкімі. – Агроном ретінде бидай 10-12 центнер деңгейінде тұрғанын көріп тұрмын.

Сондай-ақ, Болатбек Шәріпов ауданда қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай режимін енгізу туралы сұрақ  туындамайтынын айтады. 

– Қуаңшылық мәселесі бар екенін жасырмаймын, алайда төтенше жағдайды енгізу мәселесі көтерілмеді, – дейді аудан әкімі. 

Ертіс ауданында егілген егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 1,3 мың гектарға ұлғайды. 

– Биыл аудан бойынша 220 мың гектар бидай, 64 мың гектар майлы дақылдар, 25 мың гектар біржылдықтар егілді, – дейді спикер. 

Оның сөзінше, бес айдың қорытындысы бойынша жалпы аймақ экономикасында тұрақты даму үрдісі байқалады.

Фото: Константин Шелков