Павлодарда жиырма бірге толмаған жасөспірімге сыра сатқан кәсіпкер жазаланды
Іс қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сот материалдарына сәйкес, биыл сәуір айында қаладағы дүкендердің бірінде көлемі 0,45 литрлік «Kozel» маркалы сырасы 21 жасқа толмаған адамға сатылған.
Сот отырысы барысында кәсіпкердің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, қатысушылардың жазбаша түсініктемелерімен, полиция қызметкерлерінің баянаттарымен және өзге де дәлелдемелермен расталды. Кәсіпкер өз кінәсін толық мойындаған.
– Сот қаулысымен жеке кәсіпкер ӘҚБтК-нің 200-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 121 100 теңге көлемінде айыппұл салынып, алкоголь өнімін сақтау және бөлшек саудада өткізу лицензиясының қолданысы бір ай мерзімге тоқтатылды, – деді қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің аталған бабы алкоголь өнімін заңнама талаптарын бұза отырып сату үшін жауапкершілікті көздейді.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.