Павлодар облысында заманауи технологиялармен борышкерлердің 500-ден астам көлігі анықталды

Павлодар облысында заманауи технологиялармен борышкерлердің 500-ден астам көлігі анықталды
Фото: Константин Шелков

Борышкерлерден он бір миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, деректер базасы бойынша көлік ағынында полицейлер берешегі бар автомашиналарды анықтады. Рейдтік іс-шаралар тек жолдарда ғана емес, сондай-ақ  тұрғылықты жері бойынша да өткізіліп, автокөлік иелеріне төленбеген айыппұлдың бар екендігі туралы хабарламалар табысталды, профилактикалық әңгіме жүргізілді.

–  Облыс аудандарының бірінде құқық бұзушы мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін сот тағайындаған сегіз жүз мың теңгеге жуық айыппұл төледі.  Н. Назарбаев даңғылында «Lexus» маркалы автокөлігі тоқтатылды. Деректер базасы бойынша тексеру кезінде авто иесінің екі жүз мың теңгеден астам сомаға алты төленбеген айыппұлы бар болып шықты, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев. 

Оның айтуынша, борышкердің автокөлігі айып тұрағына қойылды. Иесі қарызды толық төлеп болған соң, көлігін қайтарып ала алады.

Сонымен қатар, ЖПШ барысында полицияда қолда бар заманауи технологиялар қолданылады. «Кибер-Шериф» аппараттық-бағдарламалық кешенін және «Қорғау» жүйесін қолдана отырып, әкімшілік айыппұлдар бойынша борышкерлер жүргізген 541 көлік құралы анықталды. Оның ішінде жиырма автомобиль арнайы тұраққа қойылды. Екі жүз мың теңгеден астам айыппұлы бар «Опель Вектра» маркалы автокөлік тұраққа жеткізілді. 

Айта кетейік, ведомство жол жүру ережелерін бұзуға жол бермеуге, ал бұзушылықтар болған жағдайда заңда белгіленген мерзімде айыппұлды уақытылы төлеуге кеңес береді.