Екібастұз тұрғыны бес қорап «Merci» шоколадын ұрлап, ұсталды

Екібастұз тұрғыны бес қорап «Merci» шоколадын ұрлап, ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полицейлер күн сайын тауарды төлемей алып кететіндерді әшкерелеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Соңғы уақытта өңірдегі ірі сауда орталықтарында тауар ұрлығы жиілеп кетті. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күн сайын құқық қорғаушылар тауарды төлемей алып кететін азаматтарды анықтап жатыр.

Полицияға қаланың ірі сауда орындарының бірінде ерлер күртесін ұрлауға әрекет жасалғаны туралы хабар түскен. Сол күні тағы бір дүкеннен «Bacardi Carta Negra» ромы ұрланды. Ал Екібастұз қаласының тұрғыны супермаркеттен бес қорап «Merci» шоколадымен төлем жасамастан шығып кеткен.

– Көп жағдайда азаматтар шұжық, ірімшік немесе нан секілді ұсақ заттарға бола заң бұзып жатқанын аңғармайды. Алайда бейнебақылау жүйелері ұрыларды анықтауға мүмкіндік береді, – деді департаментте.

Өз-өзіне қызмет көрсету форматындағы дүкендерге тәртіп сақшылары қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынады. Атап айтқанда, ірі сөмкелермен, арбамен немесе маусымға сай емес киім киген адамдарға назар аударып, сатып алушылардан жеке заттарын арнайы сақтау жәшіктеріне қалдыруды өтінуге кеңес береді. Сонымен қатар, дүкен шыға берісіне құнды әрі оңай тасымалданатын тауарларды қоймау ұсынылады.

Егер ұрлық оқиғасына куә болсаңыз немесе күдікті әрекетті байқасаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз немесе «Police 102» мобильді қосымшасын пайдаланыңыз.