Павлодар облысының энергетиктері АЭС құрылысына қолдау білдірді

Павлодар облысының энергетиктері АЭС құрылысына қолдау білдірді
Фото: Константин Шелков

Аталмыш іс-шараға 100-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ақсуда АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Павлодар облысының энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын қызметкерлері АЭС-ты тұрақтылық пен дамудың кепілі ретінде қолдайды. 

Кездесу барысында елімізде жыл санап артып келе жатқан сұранысқа байланысты, сенімді энергия көзі қажет екені жөнінде маңызды мәселе талқыланды. Қазірдің өзінде Қазақстан жыл сайын шамамен 4-5 млрд кВт/сағ электр энергия импорттайды. Негізінен, бұл электр қуаты еліміздің солтүстік өңірінен оңтүстік өңірге жөнелтіледі. Аталған аймақтарда энергия тапшылығы байқалады.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Қазақстан жан басына шаққандағы көмірқышқыл газының шығарындылары бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірін алады. Осы орайда елімізде көміртегі қалдығын азайту үшін өндіріске инновацияны кеңінен енгізудің маңызы зор. Бұл ретте елдегі энергия тапшылығын ауаға көмірқышқыл газын барынша аз шығаратын энергия көздері арқылы шешу мәселесі өте өзекті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде жұмыс істеп тұрған көмір стансаларының тозу деңгейі шамамен 70 пайызға жетті. Әрине, еліміз табиғи ресурстарға бай. Дегенмен, олардың көпшілігі қайта қалпына келмейтін ресурстар екенін ескеруіміз керек. Яғни олардың қоры шексіз емес. Сондықтан елдің жарқын болашағын қамтамасыз ететін, ертеңгі күнге деген сенімді арттыратын тұрақты және қауіпсіз энергия көзі қажет. Бұл ретте дәл осы атом электр стансасы ұзақ жылдар бойы энергиямен қамтамасыз ететін әлеуетке ие.

Айта кетейік, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мақұлдауымен 6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум ұйымдастырылады. Референдумның маңызы мен міндеттерін жан-жақты түсіндіру үшін Халық штабы құрылды. Оның құрамында депутаттар, партиялар мен түрлі ұйымдар және ел ертеңіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар бар.