Павлодарда балалар үйінің аумағына асфальт төселуде
Жұмыстар тамыз айында аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков бірнеше әлеуметтік нысанды аралап шықты. Бірінші кезекте облыстық балалар үйіне барды. Мұнда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар сегіз ойын алаңы мен қоршау орнату жоспарлануда. Бұл жұмыстар тамыз айының соңына дейін аяқталады.
Сондай-ақ, мектептерде жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын тексерді. №35 ЖОББМ-де сыныптар мен кабинеттер, инженерлік желілер күрделі жаңартылуда. №27 мектепте спорт алаңы қалпына келтірілуде. Мердігердің жұмысына қатысты кейбір шағымдар туындады. Әкім барлық білім беру мекемелерін оқу жылы басталғанға дейінгі мерзімде сапалы дайындауды тапсырды.
Шаһар басшысы келесі кезекте балалары бар әйелдерді әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығында болды.
– Бұл мекемеде кәріз жүйесін қалпына келтіру керек. Себебі, жертөлені су баса береді, – деді қала әкімі.
Хасар Хабылбеков тұрғын үй инспекциясы бөліміне «Павлодар Водоканал» ЖШС-мен бірлесіп, осы мәселені шешу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.