Павлодар «Таза Қазақстан» акциясында үздік атанды

Мемлекет басшысы еріктілерді марапаттады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белсенділерді, волонтерлерді, мектеп оқушыларын, стартап және бизнес өкілдерін біріктірген ауқымды экологиялық фестиваль өтті.
Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Шараға Павлодар облысынан облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы істері бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова, «Birgemiz» фронт-кеңсесінің инспекторы Милана Қулатаева, Павлодар қаласындағы «Жасыл ел» штабының жобалар менеджері Арина Краскова, «Доброта в наших сердцах» волонтерлер тобының жетекшісі Анастасия Журавлева, Жастар бастамаларын дамыту орталығының волонтеры Арман Ысқақов қатысты.
Аймақтың мақтанышы Арина Краскова экологиялық қозғалысты дамытуға қосқан үлесі және «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысқаны үшін Мемлекет басшысының Алғыс хатына ие болды.
– Тазалық әр үйден, көшеден, қаладан басталады. Бұл – әрқайсымыздың еңбегіміз. «Таза Қазақстан» акциясы өмірдің бейнесіне айналуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалдықтарды қайта өңдеу жобалары, экостартаптар, мектеп оқушыларының жұмыстары мен балалардың экологиялық тақырыптағы шығармашылық туындылары қойылған көрмемен танысты.