Ақсуда металлург мамандығының студенті екі жүзден астам адамды сенбілікке шығарды

Ақсуда металлург мамандығының студенті екі жүзден астам адамды сенбілікке шығарды
Фото: Константин Шелков

Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сенбіліктің бастамашысы, болашақ металлург және Ақсу қара металлургия колледжінің студенттік парламенті президенті лауазымына кандидат Бексұлтан Мақсұтқановтың айтуынша, студенттер бұл бастаманы қуана қолдаған. Сенбілікке бірінші және екінші курс студенттері түгел шыққан.

– Мен студенттік парламенттің президенті болуға үміткермін және қаламыз бен колледжіміздегі тазалық әрқайсымыздан басталады деп сенемін. Сондықтан бұл экологиялық акцияны ұйымдастырып, студенттердің тек қоқыс жинап қана қоймай, экологияға үлес қосу маңызын түсінуін қаладым, – дейді Бексұлтан.

Жігіттер аумақты тазалап, қоқыс жинап, колледж ауласын абаттандырды. Қыздар терезе жуып, оқу орнын ішінен ретке келтірді.

– Мұнда әрдайым таза, себебі бізді алғашқы күннен-ақ тәртіп пен ұқыптылыққа үйретеді. Бұл формалды сенбілік емес, тазалықты сақтау әдеті, – дейді студенттердің бірі. – Біз әрқашан колледжіміз бен оның айналасы таза болуы үшін тырысамыз.

Өзінің сайлауалды бағдарламасы туралы айта келе, кандидат оның басты бағыттарының бірі студенттер арасында экологиялық мәдениетті дамыту екенін атап өтті.

– Мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өтіп тұрғаны дұрыс. Бұл барлығына пайдалы. Таза, әдемі колледжге кірген қандай жақсы. Ешкім лас жерге келгісі келмейді ғой. Біз өзгелерге үлгі болуымыз керек, – дейді Бексұлтан.

Жас жігіт егер студенттік парламент президенті болып сайланса, колледж аумағына ағаш отырғызуды ұсынатынын айтты. Оның айтуынша, бұл – жерді көріктендіріп, жасыл әрі экологиялық таза етуге мүмкіндік береді.