Павлодар облысында балық аулауға тыйым салынды
Тыйым мамыр айының соңына дейін бекітілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтай мәлім етті.
– Облыстың дала, тұщы су айдындарында, Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік шекарасынан Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасына дейінгі аралықтағы Ертіс өзенінде және оның жайылмалы су айдындарында, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың барлық ұзындығы бойынша су тораптарын қоса алғанда 15 сәуірден 30 мамыр аралығында балық аулауға тыйым салынады, – дейді Нұржан Қазтай.
Спикердің айтуынша, сонымен қатар өңірдің тұзды су айдындарында артемия жұмыртқаларын 1 наурыздан 15 маусым аралығында жинауға және дайындауға толық тыйым салынған.
Айта кету керек, өткен жылы уылдырық шашу кезеңінде бақылаудағы аумақта табиғат қорғау заңнамасының 27 бұзушылығы анықталды. Заңбұзушыларға барлығы 640 мың теңге сомасына айыппұл салынды.