Павлодарда Қала күніне орай екі апталық ауқымды бағдарлама әзірленді
Мерекелік шаралар киберспорт турнирі мен жартылай марафон арқылы ерекшеленеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бағдарлама 10 шілдеде басталып, 26 шілдеге дейін жалғасады. Осы аралықта спорттық жарыстар, мәдени жобалар, концерттер және өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылатын киберспорт турнирі өтеді.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның айтуынша, мереке 10 шілдеде жағажай футболынан екі чемпионат пен балалар және жасөспірімдер командалары арасындағы Macao Cup 3×3 баскетбол турнирімен ашылады.
– 16 шілде күні сағат 11:00-де музейде «Павлодарлықтар Павлодар туралы» фотокөрмесі ашылады. Экспозицияда тұрғындардың сүйікті қаласына арнаған фотосуреттері ұсынылады. Ал 20 шілде күні сағат 16:00-де қалалық кітапханада Павлодардың бұрынғы әкімі Евгений Азаровқа арналған кітаптың тұсаукесері өтеді, – деді әкімнің орынбасары.
24 шілдеде Qala Fest музыкалық фестивалі қаланың ауылдық аймақтарында, сондай-ақ Усолка, Достық шағын аудандарында ұйымдастырылады. Кешкісін тұрғындарға концерттік, спорттық және ойын-сауық бағдарламалары ұсынылады. 25 шілдеде де мерекелік концерттер шағын аудандарда таңғы сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін жалғасады.
Сол күні сағат 10:00-де барлық павлодарлықтарға ашық қалалық шахмат турнирі өтеді. Кешке республикалық және халықаралық деңгейдегі өнер жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерт ұйымдастырылады. Басты қонақтардың есімдері әзірге жарияланған жоқ. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, әртістермен келіссөздер әлі жалғасып жатыр.
26 шілде күні таңғы сағат 06:00-де Орталық жағалаудан дәстүрлі Qala Run Fest жартылай марафоны басталады. Биыл оған жүздеген спортшы қатыспақ.
Сол күні сағат 16:00-де Ertis Promenade сахнасында облыстық маңызы бар қалалар арасында алғаш рет Counter-Strike 2 турнирінің финалы өтеді. Үздік сегіз команда шоу-матчта бақ сынайды. Көрермендер кәсіби киберспортшылардың ойынын тамашалап, өз фавориттеріне қолдау көрсете алады. Жарысқа Қазақстанның кез келген командасы қатыса алады. Өтінімдер 20 шілдеге дейін қабылданады, ал іріктеу кезеңі 20-25 шілде аралығында қалалық компьютерлік клубтардың бірінде өтеді.
– Қала әкімінің бастамасы жастар арасында жүргізілген сауалнамада үлкен қолдау тапқандықтан, биыл оны өткізу туралы шешім қабылданды. Жарыс демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылады, – деді Светлана Гладышева.
Қала күнін ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен шамамен 12 миллион теңге бөлінген. Алдағы күндері ұйымдастырушылар Қала күніне арналған мерекелік толық афишаны жариялайды.