Павлодарда еліміздің Туы мен Елтаңбасын таңдайтын кезде ұсынылған туындылар көрсетілуде
Көрме 5 маусымға дейін жалғасатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған көрме ашылды. Әлия Саматованың айтуынша, көрмеде Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының тарихы көрсетілген.
– Мұражайымызда рәміздер күніне орай «Рәміздер - тәуелсіздік нышаны» атты көрме ашылды. Біздің екінші әнұранымыздың авторлары – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Көрмеде көрсетілген Нұрсұлтан Әбішұлының қолы қойылған әнұранның көшірмесі Тұңғыш Президент мұражайынан алынды, - деді Әлия Саматова.
Сондай-ақ, мұражайға келушілер Қазақстанның Туы мен Елтаңбасының бұған дейінгі эскиздік жобаларын көре алады. Мәселен, сондай эскиздердің бірінде дала халқының күші мен табандылығын бейнелейтін қасқыр, жұлдыздар мен жарты айы бар шаңырақ бейнеленген. Бір қызығы, әрбір тудың эскизінде көк түс бар.