Павлодарда ауқымды жартылай марафон өтеді
Павлодардың орталық жағалауы спорттық турзим алаңына айналмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
26 шілде күні мұнда Pavlodar Ertis Half Marathon ұйымдастырылады.
Жарысты Павлодар облысының ERTIS RUNNERS жүгірушілер альянсы қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырады.
Жартылай марафон бағдарламасына 5, 10 және 21 шақырымдық қашықтықтар енгізілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа қызығушылық өте жоғары. Тіркеу басталған алғашқы күннің өзінде қолжетімді орындардың жартысы сатылып кеткен.
– Біз шамамен 500 қатысушыны қабылдауды жоспарлап отырмыз. Сондықтан әлі де ойланып жүргендерге тіркелуді кешіктірмеуге кеңес береміз. Бағыт қаланың көрікті жағалауы мен орталық көшелері арқылы өтеді. Биыл былтырғы жарыспен салыстырғанда маршрутқа аздаған өзгерістер енгіздік. Бұл қатысушылар үшін барынша ыңғайлы болуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Астана, Алматы, Өскемен, Семей және еліміздің өзге де қалаларынан жүгірушілер тіркеліп үлгерді, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Владимир Мальков.
Соңғы жылдары Павлодар ірі спорттық іс-шараларды өткізетін қалалардың біріне айналып келеді. Бұл ретте жаңартылған Ертіс жағалауы бұқаралық спорттық шаралардың тұрақты алаңына айналуда.
Маусым айында мұнда жүздеген адамның басын қосқан Freedom Race 2 бұқаралық жарысы өткен болатын. Енді эстафетаны Pavlodar Ertis Half Marathon жалғастырып, кәсіби спортшылар мен салауатты өмір салтын ұстанатын әуесқойларды бір алаңға жинамақ.
Старт қалашығы таңғы 06:00-де орталық жағалаудағы Ertis Promenade сахнасының жанында ашылады. Әрбір қатысушыға фирмалық футболка, мәреге жеткені үшін медаль және серіктестердің сыйлықтары табысталады.