Екібастұздық педагог халықаралық турнирде үш медаль жеңіп алды

Румынияның Констанца қаласында тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойындардан халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, жарысқа Қазақстан, Румыния, Германия, Түркия, Италия, Венгрия және Болгария елдерінен 40 спортшы қатысты.
– «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінің қосымша білім беру педагогы, тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі Қуаныш Бұлқенов өңір намысын абыроймен қорғап, үш жүлделі орын иеленді. Ол тоғызқұмалақтан – І орын, бестемшеден – ІІ орын, мангала ойынынан – ІІІ орын алды, – делінген хабарламада.
Ведомство атап өткендей, бұл жеңіс педагогтың кәсіби біліктілігі мен табандылығының жемісі ғана емес, сонымен бірге жас спортшылар үшін үлкен үлгі болды. «Қайнар» кешені ұжымы Қуаныш Бұлқеновті лайықты жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
Фотосуретті Екібастұз қаласының білім беру бөлімі ұсынды