Павлодарлық музейде Мұқсихан Зайытовты еске алды
Музейде «Ақын әлемінің әсем үні» атты әдеби музыкалық кеші өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ұйымдастырылған іс-шара ұлағатты ұстаз, журналист, айтыскер, ақын Мұқсихан Зайытовтың 95 жылдығына арналды.
Ол 1928 жылы 25 маусымда Май ауданының Бестау ауылында дүниеге келген. Ескінің жұрнағындай айтыс дәстүрі қайта жаңарғанда республикалық додаларда өнер көрсетіп жүрді. Алматыдағы ҚазПИ-ді сырттай оқып бітірді. Қолына қаламды да ерте алды. Көркемөнерпаздар ұйымына қатысып, Қазақстанның оқу-ағарту ісінің үздігі атанды. Егделенген шағында газетке келген, қазіргі «Saryarqa samaly» газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарған.
Кеш барысында Май ауданының Құрметті азаматы Рашид Бектеміров, «Павлодар облысы алдында сіңірген еңбегі үшін» төс белгісінің иегері, айтыскер, ақын Қанат Шайғазин, өнер иесі Зайра Заитова сөз сөйлеп, ақынды еске алды.
Өңірімізге танымал әншілер – «Ертіс Баян әуендері» ансамблі, Гүлназ Қожанова, Мизан Жұмәлі және Назымгүл Шапағат ән салып, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Айта кету керек, көрмеге әншінің жеке заттары қойылды. Оның ішінде өз қолымен жазған өмірбаяны, өлеңі мен әннің нотасы, қызмет жасағандағы құжаттары – меншікті тілші куәлігі, жоғары білім бітіргені туралы дипломы, мектепте оқыған кезіндегі куәлігі, грамотасы, домбырасы, шапаны, отбасылық фотосуреттері, қызмет кезіндегі фотосуреттері бар.