Павлодарда компьютерлік клубтан кәмелетке толмағандар анықталды

Павлодарда компьютерлік клубтан кәмелетке толмағандар анықталды
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті

Тәртіп сақшылары күнделікті рейдтер жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығында сағат 23:50-де кафелердің бірінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз кәмелетке толмаған екі баланың болғаны анықталды. Сол күні кешке тағы екі жасөспірім ата-анасыз түнде компьютерлік клубта жүрген. Барлық фактілер бойынша ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Жыл басынан бері рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрген 362 кәмелетке толмаған баланы анықтады.

– Заңды өкілдерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, жасөспірімдермен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Полиция өкілдері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуы үшін ата-аналар ғана емес, мекеме иелері де жауапқа тартылатынын атап өтті. Биыл осындай құқық бұзушылық үшін 18 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.

Полицейлер мұндай рейдтердің тұрақты түрде жүргізілетінін және ата-аналарға балаларының уақытын бақылау қажеттігін еске салады. Қиындықтардың алдын алу және айыппұл салынбауы үшін балалардың сағат 22:00-ден кешікпей үйде болуын қамтамасыз ету қажет.