Анасы ішімдікке салынған: Павлодарда сәби балалар үйіне орналастырылады
Оның ішімдікке тәуелді екені анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаладағы тұрғын үйлердің бірінде көршілерінің шуынан шаршаған тұрғындар полицияның көмегіне жүгінген. Көршілердің айтуынша, пәтерде жылаған баланың дауысы жиі естіледі, ал әйел адам үнемі ішімдік ішеді.
– Пәтерде 1 жас 8 айлық жылап жатқан бала мен оның мас күйінде болған ата-анасын көрдік. Пәтер тазаланбаған, заттар, ойыншықтар, тамақ пен ыдыс-аяқ жиналмаған. Жедел жәрдем шақырылды. Мамандар тексеруден кейін баланы ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдады, – дейді департаментте.
Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны үшін ата-аналарына қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, полицияның профилактикалық есебіне қойылды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда ата-ана құқықтарын шектеу туралы мәселе қаралады.
Бұл әйелдің бірінші баласы емес болып шықты, үлкен ұлы 5-сыныптың оқушысы. Анасы балалардың тәрбиесімен айналыспайтыны анықталды. Баланы биологиялық әкесі тәрбиелеуде және онымен бірге тұрады.
Қазір сәбидің денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, облыстық балалар ауруханасы мамандарының бақылауында. Емдеу шараларынан кейін нәресте балалар үйіне орналастырылады.