Павлодарда мәдениет майталмандарына құрмет көрсетілді

Павлодарда мәдениет майталмандарына құрмет көрсетілді
Фото: Константин Шелков

Сала үздіктері арнайы марапатқа ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шара өтті. Шарада мәдениет саласына еңбегі сіңген бір топ мамандарға құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова сала қызметкерлерін  кәсіби мерекемен құттықтап, еңбектеріне жоғары баға берді.

Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміз өркендеп, рухани құндылықтарымыз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, мәдениет пен өнердің ағартушылық әлеуеті орасан зор. Бұл сала ұлт санасын жаңғыртуға ерекше ықпал етеді, – деді ол.

Айгүл Мәлікова өңірде мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соңғы жылдары кітапханалар жаңғыртылып, мәдениет үйлері жөндеуден өткен. Театрлар мен музейлердің материалдық-техникалық базасы да нығайтылуда. 2026 жылы жасанды интеллект пен цифрландыруға ерекше мән беріліп, музейлерде интерактивті технологиялар енгізу жұмыстары жалғасуда.

Жиын барысында сөз алған Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Шолпан Шахметова еңбектің көрінбейтін тұстарына тоқталды.

Жыл сайын осы күнді қуанышпен қарсы аламыз. Өйткені мәдениет қызметкерлерінің көрінбейтін еңбегі дәл осы күні айқын көрінеді. Кітапханада отырған адамның жұмысы оңай емес. Оқырманға кітап ұсыну үшін оны алдымен оқу, түсіну, насихаттау қажет. Бүгін «Еңбек ардагері» марапатына ие болып отырмын, бұл – 40 жылдық еңбегімнің жемісі, – деді ол.

Шара соңында мәдениет саласының үздік қызметкерлері марапатталып, оларға шығармашылық табыс пен кәсіби жетістіктер тіленді.