Павлодарлық әнші Италияның ең ірі театрында өнер көрсетеді

Павлодарлық әнші Италияның ең ірі театрында өнер көрсетеді
Фото: Instagram @teatromassimo

«Өкіл әке 3» фильмінің соңғы көрінісі осы театрда түсірілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық опера әншісі Мария Мудряк Италияның әйгілі Массимо театры сахнасында өнер көрсетеді. 9 және 10 маусым күндері көрермендерді ұлы музыкаға толы екі ұмытылмас кеш күтеді — бағдарламада Людвиг ван Бетховеннің әйгілі Тоғызыншы симфониясы орындалады. 

Концерттің ашылуы литвалық композитор Микалоюс Константинас Чюрленистің терең эмоцияға толы «De profundis» шығармасымен басталады. Одан кейін Массимо театры оркестрі мен хоры, дирижер Нир Кабареттидің жетекшілігімен, Бетховеннің адамзат бауырластығын жырлаған ұлы симфониясын орындайды. 

Массимо театры — Еуропадағы ең ірі әрі беделді опера театрларының бірі. Палермода орналасқан тарихи театр 1897 жылы ашылған және өзінің ерекше акустикасымен, сәнді архитектурасымен және әлемдік деңгейдегі опера қойылымдарымен танымал. Мұнда Лучано Паваротти, Пласидо Доминго және Монсеррат Кабалье секілді аңызға айналған өнерпаздар өнер көрсеткен.

Павлодар тумасы Мария Мудряк бүгінде халықаралық опера сахналарында сәтті өнер көрсетіп жүрген қазақстандық сопранолардың бірі. Әнші Италияда білім алып, Еуропаның жетекші театрларымен жұмыс істейді. Биыл мамыр айының басында ол Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры сахнасында Джузеппе Вердидің әйгілі «Травиата» операсында басты партияны орындап, қазақстандық көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді.