Жаңа арт-нысан: Павлодарда «ғалым» үкі пайда болды
Түн құсы түлектер аллеясына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жобаның авторы – белгілі шебер Марат Әбілқасымов.
Мүсіншінің айтуынша, наурыз айының соңында оған үкіні білім мен ғылымның символы ретінде жасау туралы ұсыныс түскен. Жоба студенттер суретке түсетін орын ретінде ойластырылған.
– Тапсырыс берушілер мүсін уақытша, пенопластан болады деп жоспарлаған. Біз командамен келістік. Бірақ мен үкіні бетоннан жасауды ұсындым, өйткені пенопласт бір ай ғана шыдар еді. Сөйтіп, сәуірдің соңында мүсін дайын болды, – деді Марат Әбілқасымов.

Жұмыс бірнеше кезеңмен жүргізілді. Алдымен шеберлер бұрыш темір мен арматурадан металл қаңқа жасады.
– Кейін оның бәрі бетонмен қапталып, пішінделеді. Біз сондай-ақ үкі сәл биіктеу тұруы үшін шағын тұғыр жасауды ұсындық. Бұл жауын-шашынның мүсіннің төменгі бөлігіне зиян келтірмеуі үшін қажет, – деп түсіндірді шебер.
Композиция ертегі стилінде орындалған. Мүсін алтын реңкті қола түске боялған, бұл оған көне бұйымның әсерін береді.
Үкі «адамша» қалыпта бейнеленген, көзқарасы салмақты әрі байсалды. Оның үлкен әсерлі көздері, айқын тұмсығы және мұқият өңделген қауырсындары бар. Басындағы кең жиекті бас киімі оның бейнесін ғалым немесе сиқыршыға ұқсатады.
Мүсін ұзын, қатпарлары анық көрінетін мантиямен көмкерілген. Кеудесінде кітап пен алауды еске салатын белгісі бар алқа орналасқан, бұл - білім мен ағартушылықтың нышаны.
Шебер зейнетте болғанына 12 жыл өтсе де, шығармашылықпен белсенді айналысуды жалғастырып келеді. Қазір ол бірден бірнеше жобамен жұмыс істеуде. Жақында өзінің туған жері – Май ауданында «Анаға тағзым» мемориалдық кешенін аяқтаған.
Марат Әбілқасымов павлодарлықтарға әсіресе 90-жылдардың соңындағы мұз қалашықтарын көргендерге жақсы таныс. Ол ауқымды қысқы композициялар жасаған мүсіншілердің бірі болған. Павлодар шеберлері елімізде алғашқылардың бірі болып мұзды көркем материал ретінде қолдана бастаған.
Дәл осы мұздан жасалған туындылар оларға Қазақстаннан тыс жерлерде де танымалдық әкелді. Шебердің Байкал мұзымен жұмыс істеу тәжірибесі де бар. Ол Байкалда өткен байқауға қатысқан: онда мұздың қалыңдығы 60 сантиметрге жетеді, ал қатысушыларға биіктігі екі метрге дейін, ені бір жарым метр болатын блоктар беріледі.
Қазір мүсінші 70 жылдық шығармашылық жолындағы алғашқы жеке көрмесіне дайындалып жатыр. Ол өз идеяларын алдымен эскизден пластилинге, кейін 3D-баспаға көшіреді.