Павлодарда мектеп еріктілері өңір ардагерлеріне концерт ұйымдастырды
Еріктілер қатысушыларға әндер мен билерді орындау арқылы қуаныш пен жылулық мерекесін сыйлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Республика күні қарсаңында «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасы аясында қалалық №36 экологиялық бағыттағы мектеп еріктілерінің бастамашыл тобы облыстың қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесіне барды.
Ұлттық волонтерлік желінің елшісі, ағылшын тілі мұғалімі, Анна Пилипенко қатысушылардың еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті. Ол «күміс» волонтерліктің мүмкіндіктері туралы, оқушылардың аға буын өкілдеріне қамқорлық жасау және оларға құрмет көрсету мақсатында өткізетін іс-шаралары туралы айтты.
Бағдарламаның ерекше сәні көрермендерге жарқын эмоциялар мен позитив қуатын сыйлаған мектептің «Би революциясы» би ансамблінің қойылымы болды. Іс-шара соғыс жылдарындағы әндерді, Отан, туған Ертіс өңірі туралы өлеңдерді орындаумен сүйемелденді.
– Біз үлкендерімізді қолдап қана қоймай, оларға қуаныш пен жылулық сәттерін сыйлауға көмектесетін осы мағыналы жобаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз, – деп 8-сынып оқушысы Ева Лидер ардагерлермен кездесу туралы өз әсерімен бөлісті.
«Birgemiz: Qamqor» жобасы мектеп оқушыларын белсенді әлеуметтік қызметке тарта отырып, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасауға бағытталған бастамаларды қолдауды және дамытуды жалғастыруда.