Павлодар жұмысшылар әулеті: «Барлығы блогер бола бермейді»

Еңбек әулеттер өкілдері @Pavlodarnews.kz тілшісіне өз мамандықтарына деген сүйіспеншілікті сақтап, кәсібіне деген адалдықты ұрпаққа қалай сіңіре білгендерін айтып берді.
Олег пен Евгения Кутышевтар 69 жылдық еңбек өтілі бар аспаздар отбасы ас әзірлеуге деген қызығушылықты қызының бойына сіңірген.
– Еңбек әулетіміз қайын енемнен басталды. 17 жасында енем Тереңкөл ауданына өндірістік тәжірибеге барып, сонда қалып, аспаз болып жұмыс істеген. Басында технолог, кейін аспаздық бөлімнің меңгерушісі болды. Ал күйеуім әскерде аспаз болып қызмет атқарды, – дейді Евгения Кутышева.
Олег Кутышев әскерге Ауғанстаннан әскерлер шығарылатын ең қызған шағында аттанған.
– Мен қоғамдық тамақтану саласында өстім. Анам мені үнемі жұмысына апаратын, ал оның әріптестері мені жиі тамақтандыратын, – деп атап өтті Олег Кутышев. – Ал әскерде штаб толықтырылмағандықтан, мені аспаз етіп таңдады. Қызметімді бітіргенге дейін – комендатурада, кейін заставада тамақ әзірледім, әлі күнге дейін аспазбын. Таңдаған мамандығыма өкінбеймін.
Қазір Олег пен Евгения Тереңкөл ауылында жеке асхананы басқарады. Қызы ата-анасының жолын қуып, Павлодар қызмет көрсету және тамақтандыру колледжіне оқуға түскен, қазір ол үшінші курста оқиды.
Отбасы мүшелерінің сөзінше, аспаз жұмысының жалғыз қиындығы - ерте тұру.
Кунев-Шариповтер отбасы 53 жыл ішінде Ақсу электр станциясында көптеген өзгерістердің куәсі болған. Барлығы электр энергиясын өндіруге деген қызығушылықтан басталған.
Ольга Кунева станцияда 22 жылдан бері химия цехының жылу энергетикасында суды химиялық тазарту операторы болып жұмыс істейді. Оның жұмысы - жоғары қысымды қазандықтарды толықтыру үшін минералсыздандырылған суды дайындау.
– Анам станцияда 31 жыл жұмыс істеді, қазір зейнеткер. Ол маған электр энергиясының қалай өндірілетіні туралы үнемі айтатын, осыған әрқашан қызығушылық танытқаным есімде. Кейін Жаяу Мұса колледжіне оқуға түсіп, мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Өз жұмысымды және әріптестерімді жақсы көремін. Балаларым мен немерелерім әулетімізді жалғастырады деп үміттенемін, өйткені станциямыз жыл сайын дамып, жаңаруда.
Ольга Куневаның қызы да электр энергетикасы саласына қызығушылық танытты.
– Мен анам оқыған жерде оқимын, бұл мамандықты анамның кеңесімен таңдадым. Бұл мамандыққа бірден ғашық болып қалдым. Сол мамандық бойынша жоғары оқу орнына түсіп, жылу энергетика саласындағы инженер болғым келеді, – дейді қызы Камила Шарипова.
Жылу энергетиктер отбасы өкілдерінің айтуынша, жұмысшылар мамандықтарына жіті көңіл бөлгенде дұрыс.
– Барлығы блогер немесе менеджер бола бермейді. Қазіргі уақытта нағыз қажет мамандықтар бойынша кадрлардың тапшылығы өсуде. Сондықтан жұмысшылар мамандықтарын насихаттау, дамыту, беделін көтеру – парыз, – деп қосты зауыт жұмысшылары отбасы.
Айта кету керек, Павлодар облысында елу жылдан астам уақыт бойы 21 колледж кадрлар дайындап келеді. Оқу орындары бүкіл еңбек жолында облыс пен еліміздің экономикасын дамытуға дайын 175 мың білікті маманды шығарған.