Менталитетке байланысты: Павлодарлықтар VIP нөмірлер үшін қанша ақша жұмсады?
Жолдарда «әдемі» нөмірлермен жүретіндердің саны артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Павлодар облысы бойынша филиал директоры Асылбек Сапарбек мәлім етті.
– Қазақи менталитетімізге байланысты шығар, көбіне жетілерді сұрайды. Оның арасында 999, 111 сияқты нөмірлер де көп кездеседі. Әріптерді бірдей қылып алатын нөмірлер де сұранысқа ие болып саналады, – деді Асылбек Сапарбек.
Былтыр Павлодар облысының автокөлік иелері «әдемі» нөмірлерге 324 миллион теңге жұмсаған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 33 пайызға өсті. Бүгінде бір VIP нөмір жасатып алу үшін жүргізушілердің қалтасында бір миллион теңгеден астам болу қажет.
– Ең қымбат нөмір 1 миллион 200 мың теңге шамасында шығады. Бұл жыл сайын өзгеретін айлық есептік көрсеткіштің көлеміне байланысты болады, – деді Асылбек Сапарбек. – Кейбіреулер өзінің туған жылын нөмірге жазады. Ал қатарынан бірдей әріптерді сұрағаны үшін бөлек төлем шығады.
Клиент мамандандырылған ХҚКО-да ұсынылған нөмірлерден таңдау жасай алады немесе нөмірге өз қалауы бойынша тапсырыс бере алады. Көлік құралы сатылған жағдайда клиент мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің сақталуын мамандандырылған ХҚКО-да өз атына қалдыруға құқылы.
Айта кетейік, автокөлікті сатып алу және ресімдеу кезінде әрбір азамат автокөлікке мемлекеттік тіркеу нөмірін алуға міндетті.