2024 жылы Шалдай психоневрологиялық орталығында жылу жүйесі жақсартылады
Бүгінгі таңда Шалдай психоневрологиялық орталығында 275 тұрғын бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің төрағасы Света Абдраманова, кеңес мүшелері Асылбек Туғанбай, Зәуреш Қаженова, облыстың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова, «AMANAT» фракциясының депутаттары Шалдай психоневрологиялық орталығына барды. Сапар жағымды әсер қалдырды, ескертулер мен кемшіліктерді түзету бойынша атқарылған үлкен жұмыстар атап өтілді.
Партиялықтар тамыз айының ортасында мекемедегі қайғылы жағдай туралы еске салып өтті. Сол кезде «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы шеңберінде жоспарлы мониторинг барысында санитарлық нормалардың, тамақтану сапасының, дәрілік препараттарды сақтаудың, орталық аумағында қалдықтардың көп жиналуының сияқты елеулі бұзылулар анықталған болатын.
Анықталған бұзушылықтар фактісі бойынша өңірлік кеңес мемлекеттік органдар мен ведомстволық құрылымдардың өкілдерімен бірқатар кеңестер өткізді. Ұсыныстар жіберілді, психоневрологиялық орталықтағы жағдай ерекше бақылауға алынды. Бірнеше ай бойы мекеме басшылығы кемшіліктерді жою бойынша жұмыс атқарды. Кезекті сапар барысында кеңес сапалы жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Облыстық мәслихат депутаты, кеңес мүшесі Асылбек Туғанбай тамыз айында су басқан жертөлеге, орталық аумағында қалдықтардың көп болуына, кір жуатын орындардың жұмысымен байланысты мәселелерге назар аударды. Біраз уақыттан кейін ол бұзушылықтар анықталған жерге қайта барды.
Бүгінгі таңда Шалдай психоневрологиялық орталығында 275 тұрғын бар. Олардың жайлылығы мен ыңғайлылығы үшін тағамды дайындау және беру процесі қайта қаралды, дәрілік препараттар мен медициналық жабдықтарды тексеру және түгендеу жүргізілді. 27 хаттамалық ескертулердің 23-і орындалды.
– Бұл оң көрсеткіштер демалуға себеп емес. «AMANAT» партиясы орталықты бақылауда ұстауды жалғастырады және оның тұрғындарының тұру сапасын кешенді жақсарту бойынша ведомстволық құрылымдармен жұмыс жүргізетін болады, – деп қорытындылады мониторингтік топ мүшелері.
2024 жылға арналған жоспарға күрделі жөндеу жүргізуге ЖСҚ әзірлеу, жылу жүйесін жақсарту, қызметкерлерді қосымша оқыту, кадрлар санын арттыру және жалақы деңгейін арттыру мәселелері енгізілді.