Павлодарда үздік тәртіп сақшылары марапатталды
Облыс орталығында Қазақстан полициясының 32 жылдығына арналған салтанатты іс-шарасы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Полиция департаментінің бастығы Василий Скляр учаскелік полицейлер және тергеушілер, жедел уәкілдер мен криминалистер, қатардағы жауынгерлер мен офицерлер, ішкі істер органдарының ардагерлеріне құттықтау сөздерін білдірді.
– Сіздерді осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын және таңдаған істеріңізге адалдығыңыз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. 23 маусым – қазақстандық полиция тарихындағы ерекше күн. Бұл – Қазақстан полициясын жанқиярлықпен құрған және бүгінде оның қатарында еңбек етіп жүргендердің барлығына алғыс білдіру күні. Мейрам күні бейбіт уақытта біздің қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін қиғандарды еске аламыз,– деді Василий Скляр.
Салтанатты шарада үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Ішкі істер министрінің бұйрығымен ішкі істер органдарындағы адал қызметі, қызметтегі жоғары көрсеткіштері және полиция күнін мерекелеуге байланысты полиция полковнигі атағы Солтүстік полиция бөлімінің бастығы Нұрғали Омарбековке және облыс ПД криминалдық полиция бастығының орынбасары Жаслан Танжановқа берілді. Облыс ПД экстремизмге қарсы іс - қимыл басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Макин «Құқық тәртібін қамтамасыз етудің үздігі» медалімен марапатталды.
«Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен ЖПҚБ арнайы және кәсіптік даярлау бөлімінің бастығы Жамбыл Мұқашев жәнештаб-басқармасының аға инспекторы Әсел Әбдірахманова марапатталды. ІІМ-нің грамоталарына ЖҚАЖ кәсіби қызметтік және дене шынықтыру даярлығы бойынша командирдің орынбасары Рүстем Күзембаев және көші-қон қызметінің ішкі көші-қонын құжаттандыру және бақылау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Кристина Анциферова ие болды.
Сонымен қатар, облыс ПД бастығының бұйрығымен қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 117 полиция қызметкері көтермеленді.
Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.