Павлодарлық оқытушының шәкірті Қытайдағы кәсіби шеберлік байқауында жеңіске жетті

Павлодарлық оқытушының шәкірті Қытайдағы кәсіби шеберлік байқауында жеңіске жетті

Сарапшы Борис Григорьев WorldSkills China чемпионатының жеңімпазын жарты жылға жуық дайындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Турнир 13-18 мамыр аралығында Қытай елінің Шэньчжэнь қаласында өтті. Оған Қазақстан, Индонезия, Тайланд, Иран, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан және Оңтүстік Африка елдерінің өкілдері қатысты. Бірінші орын Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің студенті Виктор Репинге бұйырды. Азияның түкпір-түкпірінен келген мықты бәсекелестерден озып шығу үшін туған жерінде алдын ала іріктеуден өткен еліміздің өкіліне тыңғылықты дайындалуға тура келді. Осы мақсатта Виктор 2024 жылдан бері Павлодар Ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы Борис Григорьевтің тәлімгерлігімен білім алуда.

Сарапшы атап өткендей, олар өткен жылы осы чемпионатта медальон алған болатын, бірақ шыңға жету үшін көп тер төгуге тура келді. Ұстаздың өзі де қажетті іс-тәжірибеден өтіп, шәкіртінің жоғары деңгейде өнер көрсетуі үшін тиісті тапсырмаларды іздестірді.

– Қатысушылар бірдей тапсырманы орындауы керек еді, – дейді Борис Григорьев. – Байқау қатысушыларына майлық салғыштың жобасын әзірлеу тапсырылды. Алдымен олар нарықты талдады, содан кейін ұлттық ерекшеліктерді қолдана отырып, болашақ өндірістің үш тұжырымдамасын ойластырды. Содан кейін тұжырымдамалардың біріне сәйкес олар қағазға эскиздер дайындап, модельді компьютерге салды, сызбалар жасады, 3D басып шығарды, пысықтады және қорытынды модельді құрастырды. Әрине, олар өз жобаларын қорғап, таныстырды.  

Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы жарыстарда берілген тапсырмалардың деңгейін мұқият зерттеді.

– Бір қарағанда, күрделі тапсырма емес сияқты көрінеді, бірақ оны орындауға көп уақыт кетті. Майлық салғыштың өлшемдерін ойластыру, сыртқы пішінін сапалы бейнелеу қажет болды. Бақытымызға орай, біз Виктормен барлық ұсақ-түйекті алдын ала пысықтап алдық, ол тапсырманы өте жақсы орындап шықты, – деп атап өтті Борис Григорьев.

Айта кету керек, павлодарлық мұғалім өзінің негізгі құзыреті - «Прототиптеу» бойынша 2019 жылдан бері WorldSkills чемпионаттарының халықаралық сарапшысы. Шәкірттері бірнеше рет түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Мәселен, WorldSkills Kazakhstan-2024 чемпионатында Павлодар Ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Кирилл Данковский «Прототиптеу»  құзыреті бойынша күміс медаль жеңіп алды.

2024 жылдан бастап Борис Григорьев студенттерді «Өнеркәсіптік дизайн» құзыреті бойынша дайындаумен айналысады.

Осы жеңісінің арқасында Виктор Репин келесі жылы өтетін WorldSkills Shanghai-2026 әлем чемпионатына қатысуға үміткерлердің бірі болды.

Фото: Ақпараттық технологиялар колледжі ұсынды.