Павлодарлық студенттерге Германияның теориялық физигі дәріс оқуда
Профессор Питер Эндерс бір айлық сапары аясында студенттерге кванттық және атомдық физикадан білім береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Марғұлан университетінің жаратылыстану жоғары мектебіне конденсацияланған заттар физикасы мен кванттық механика саласындағы белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Питер Эндерс іссапармен келді. Шетелдік профессорды Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жылбаев қабылдап, алдағы өткізетін дәрістеріне сәттілік тіледі.
Питер Эндерс қазіргі уақытта физиканың аксиоматикалық және нақты бірлігін зерттеп жүрген ғалым. Ол осы салада «Классикалық және кванттық механика: тарихи-аксиоматикалық көзқарас» кітабын да жарыққа шығарды.
- Профессор Питер Эндерс бір айлық сапары аясында студенттерге кванттық және атомдық физикадан, ал магистранттарға теориялық физиканың қосымша тараулары мен мектеп физикасы курсын ағылшын тілінде оқыту әдістемесі бойынша дәрістер оқиды. Неміс ғалымы оқытушылар, докторанттар және магистранттар үшін Германия мен Қазақстан мектептерінде жалпы физикадан күрделі тақырыптарды оқыту әдістемесінің мәселелері бойынша семинарлар өткізеді, - делінген хабарламада.
Айта кетелік, Питер Эндерстің еңбектері Германияда ғана емес, әлем ғылыми қоғамдастықта да кең танылған. 2015 жылдан бастап ол - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің физика, математика және информатика институтының құрметті профессоры.