Баянауылда апатты мектептің орнына салынған жаңа білім ордасы ашылды
Салтанатты шараға облыс басшылығы мен ҚР Оқу-ағарту министрі қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қаражар ауылының оқушылары алдағы ІІ тоқсанды 100 орындық жаңа мектепте бастайды. Апатты мектептің орнына заманауи талаптарға сай жабдықталған білім ордасы ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Асайын Байханов пен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысып, лентаны қиды.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бүгін туған Баянауылдың төрінде жаңа білім орданың босағасын аттағалы тұрмыз. Мектеп – оқушы мен болашақты жалғайтын алтын көпір. Ұлт болашағын тәрбиелеу жолындағы игі ісімізге әрқашан да оң нәтиже берсін. Сондықтан осы мектептің бой көтеруіне демеуші болған «ERG» компаниясына шын жүректен алғысымды білдіремін,– деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Өз кезегінде министр ауыл мектептердің қолға алуы мәселесі тек мемлекет тарапынан ғана шешілмейтінін, кәсіпкерлердің де үлесі бар екенін атап өтті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Қазақстанда 400-ге жуық мектеп салу жоспарланып жатыр.
Мектеп ERG мен Павлодар облысының әкімдігі арасында жыл сайын жасалатын әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы өзара әріптестік туралы меморандум аясында бой көтерген. Жобаға құйылған инвестиция көлемі 932 миллион теңгені құрайды.
Қаражар мектебінің директоры Айнагүл Шомакованың сөзінше, ескі мектеп 1958 жылы салынған. Кейіннен апатты болып танылды. Жаңа мектептің құрылысы биылғы жылдың сәуір айында басталып, қазанда аяқталды.
– Мектеп негізі тоғызжылдық, бірақ келесі жылдан бастап 11-сыныпқа дейін оқытатын боламыз. Жақын тұрған ауылдардан балалар келіп оқиды деген ниетпен жоспар құрып отырмыз, – деді мектеп директоры.
Білім ордасында STEM-зертхана орнатылып, робототехника мен биотехнология сабақтарын өткізуге қажетті құралдармен толықты. Цифрлы микроскоптар мен виртуалды-цифрлық зертхана сатып алынды. Мектепте балалардың спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысуына барынша жағдай жасалған. Мәжіліс залына лед-дисплей мен дыбыс жабдықтары орнатылып, спорт залға қажетті құралдар сатып алынды. Сондай-ақ, бейнебақылау, киберқауіпсіздік жүйелері орнатылған. Мектепалды білім беру орталығы мен 20 бүлдіршінге арналған шағын орталық та бар.