Павлодарлық қыздар еліміздің үздік баскетболшыларымен күш сынасты

Павлодарлық қыздар еліміздің үздік баскетболшыларымен күш сынасты

Павлодарда Ұлттық лига матчтары аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өз алаңындағы ойындар сериясының соңғысында «Ertis» Көкшетаудың «Оқжетпесімен» кездесті. Тәжірибесі мен физикалық әлеуеті мығым қонақтар бірден матч тізгінін қолға алды. Бірінші ширек 14:5 есебімен көкшелік қыздар пайдасына шешілді. 

Екінші онминуттық кезеңде павлодарлық қыздар намысқа тырысып, шабуылдарды үдетті. Алайда, «Ertis» ойыншыларына дәлдік пен бой жетіспеді. Шетелдік легионерлері бар көкшеліктер әрбір шабуылдарында ұпайды еселеп жатты. 

Дегенмен, павлодарлықтар қатарындағы белсенді Ксения Абдурашитова, шапшаң Валерия Капитонова, тәжірибелі Тамила Жақыпова мен мінезді Шакира Валиева бар күшін сала тартысты. Қорытынды есеп 73:52 «Оқжетпес» пайдасында.

- Меніңше, өз алаңымызда жақсы ойын өрнегін көрсеттік. Екінші турды тәуір аяқтадық, деп ойлаймын. Біздің қыздар болашағынан зор үміт күттіреді. Қыздар бар күшін салды, тырысты. Мен оларға алғыс айтудан басқа айтарым жоқ, - деді «Ertis» бас бапкері Жұлдыз Байдүйсенова.

Шетелдік ойыншылардың жоқтығына қарамастан, павлодарықтардың нәтижелерін тәуір деп бағалауға болады. «Ertis» әйелдер арасындағы Ұлттық лига командаларына арналған Қазақстан чемпионатының турнир кестесінде алтыншы орынға шықты.

Фото: автор