Павлодарда студенттер қонақ үйде қызмет көрсетуден сынға түсті
Қатысушылардың қонақтардың сұраныстарымен жұмыс істей білу қабілеттері бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстың білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «WorldSkills Pavlodar-2024» турнирінің қатысушылары Павлодар сервис және тамақтану колледжінің базасында жарысты.
– Байқау төрт модульден тұрды: бірінші модульге телефонмен сөйлесіп, қонақ үй туралы ақпарат беру, қонақтарға үш тілде қызмет көрсету, телефон арқылы брондау кірді; екінші модульге қонақты бронмен қоныстандырып, туристік ақпарат беру және қонақтың тұру уақытында көмек көрсету кірді; үшінші модульде қатысушылардың қонақты шығару, «walk-in» қонағын орналастыру, шет тілде көмек көрсету қабілеттері тексерілді; төртінші модульде электрондық пошта арқылы нөмірлерді брондау сұрағына жауап беру, қонақтың сұранысы бойынша туристік ақпаратты беру бағаланды, – деді ұйымдастырушылар.
Байқауға қатысқан облыс колледждерінің және жоғары оқу орындарының студенттерінің арасында Торайғыров университетінің студенті Дильнұр Мұратбай, Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенті Глеб Красаев, Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенті Надира Маралова арнайы сертификаттармен марапатталды.
Қатысушыларды «Golden Park» қонақ үйінің бас директоры Анна Дяк, арнайы пәндер оқытушысы Анна Орлова, өндірістік оқыту шебері Ләззат Нұрмұхамбет және Торайғыров университетінің георграфия және туризм кафедрасының қауымдастырылған профессоры Шынар Қайырова бағалады.